Алматы. 7 желтоқсан. Алматыда Райымбек батырға ескерткіш ашылды. Алматыда Райымбек даңғылы мен Пушкин көшесінің қиылысында Райымбек батырдың ескерткіші салтанатты түрде ашылды. Монументті Алматы әкімі Ахметжан Есімов ашты. «Бүгін біз жоңғар басқыншыларына қарсы қазақтардың бостандығы үшін күрескен, қазақтың ұлы батыры - Рапйымбек батырдың көптен күткен ескерткішін ашып отырмыз. Президенттің «Мәдени мұра» бағдарламасы арқасында ұлттық тарих үшін аса маңызды халықтың мәдени мұрасын зерттеудің, тарихи- мәдени және сәулет ескерткіштерінің бірыңғай жүйесі жасалуда», - деп атап өтті Ахметжан Есімов. Енді Алматының негізі даңғылдарының бірін көлемі 0,06 га, жалпы биіктігі 12 м.20 см болатын қызыл гранитке орнатылған тарихи кейіпкер- Райымбек батырдың қоладан жасалған мүсіні одан әрі айшықтандыра түседі. Ескерткіш авторы - Едіге Рахмадиев, дизайнері – Игорь Поляков, сәулетші – Владимир Немчиков. Алматыдағы орталық көшелердің бірі, Алматы маңындағы ауыл, Алматы облысындағы аудан, Алматы метросының бір станциясы батырдың құрметіне Райымбек есімімен аталады. Жалпы қалада барлығы 146 ескерткіш бар.
